Алматыда ratel.kz шағымы бойынша алдын ала тыңдау өтті


Сәуірдің 5-і күні Алматының Медеу аудандық сотында Ratel.kz сайтын бұғаттауға қатысты сот шешіміне қарсы шағым бойынша алдын ала тыңдау өтті.

Наурыздың 30-ы күні Ratel.kz және Balborsyk.kz сайттары бұғатталған. Редакция өкілдерінің сөзінше, сайттарды бұғаттауға Медеу аудандық соты аудан прокуроры Алмат Құсайиновтың талабы негізінде ұйғарым жасаған. Прокурор сотқа Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіповтың атына шағым түсірген. Істі Медеу аудандық сотының судьясы Гүлмира Бейсенова қарап жатыр.

Бұған дейін, наурыздың 19-ы күні Ratel.kz сайты «доменді тіркеу ережесін бұзғанына» байланысты Қазақстан аумағында ашылмай қалған соң редакция материалдары басылымның көшірме нұсқасы — Balborsyk.kz сайтында жарияланған. Басылымның негізін қалаушы әрі тұрақты авторларының бірі болған, өткен жылдың соңында дүние салған журналист Геннадий Бендицкийдің атына тіркелген Ratel.kz домені наурыздың 27-і күні марқұмның ұлы Олег Бендицкийдің атына қайта тіркелген.

Сотқа сайт өкілдерінен өзге журналистер, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева да қатысуға келген. Бірақ сотқа тараптардың адвокаттары ғана қатыстырылды.

Сайт журналисі Вадим Борейконың айтуынша, негізгі сот тыңдауы 10 сәуірге белгіленді.

2 сәуір күні полиция Ratel.kz сайты мен Forbes Kazakhstan журналының редакцияларында «жалған ақпарат тарату» ісіне байланысты тінту жүргізген. Бұл іс бұрынғы қаржы министрі, бизнесмен Зейнолла Кәкімжановтың арызынан кейін қозғалған. Кәкімжанов Forbes.kz және Ratel.kz сайттарында соңғы жылдарда өз қызметіне байланысты жарияланған бірнеше мақаланы «қара пиар» және «жалған» деп атайды. Мақалада Кәкімжановтың «сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары» айтылады.

Оқи отырыңыз: Полиция Forbes пен Ratel-дің кеңсесіне жетті

Дереккөз:Азаттық радиосы

Түпнұсқа

dastan Author