Шетел құқық қорғаушылары қазақстандық белсенділермен кездесті


Астанада Италия парламентінің сенаторы Роберто Рампи мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті  Антонио Станго қазақстандық бір топ белсендімен кездесіп, Қазақстандағы адам құқықтарының жай-күйіне қатысты мәселелерді талқылады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Астанадағы Еуропа елдері дипломатиялық өкілдіктері жанындағы қонақүйде өткен кездесуге Қазақстанда 10 мамырда болған митингілерде ұсталып, қамалған белсенділер жиналды. Олар Қазақстанда еркін түрде бейбіт жиын өткізу құқықтарын пайдалана алмай отырғанын, 10 мамырдағы бейбіт шеруде тұтқындалып, әкімшілік қамауға алынғанын айтты.

Қонақүйдің кіреберіс холында өтіп жатқан кездесуде белсенділер Қазақстан билігін адам құқықтарын аяққа таптайтынын айтып, сынай бастаған кезде қонақүй өкілдері италиялық депутат пен құқық қорғаушыға кездесудің «митингіге айналып бара жатқанын» ескертіп, жиынды басқа күні өткізуді ұсынды. Бұдан соң кездесу аяқталды.  

Роберто Рампидің Азаттық тілшісіне айтуынша, олар Қазақстан азаматтары білдірген арыз-шағымды жинап, есебін Италия парламентіне табыстайды, Еуропарламентке Қазақстанды халықаралық пактілерді құрметтеуге шақыру жөнінде ұсыныс жасайды.

Сенатор Қазақстан үкіметі туралы өзгеше ойлайтын азаматтары бас қосып, пікір айтып, бейбіт митинг өткізетіндерін, саяси көзқарасы келіспесе, оны мәселе деп қабылдамауы керек деп ойлайтынын айтты. «Бұл ахуалды жақсартуға болады деп сенеміз. Мысалы, біз түрмедегі үкімін күтіп [ұзақ отыратын] адамдар туралы билік пен әкімшілікке хабар жеткіздік. Бұл проблема Италияда да бар. Түпкілікті үкімі шықпаған адамдар түрмеде отырмауы тиіс. Өйткені заң алдында олар әлі жазықсыз» деді Роберто Рампи.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанға 16 маусым күні келген олар кеше Алматыда бас прокуратура шенеунігімен кездескен, бүгін сыртқы істер министрлігі өкілімен кездеседі.

Мамырдың 10-ы күні Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған белсенді мен тұрғын наразылық акцияларын өткізіп, биліктен түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Акциялар кезінде ондаған адам ұсталып, біразы «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен әкімшілік жазаға тартылған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Түпнұсқа

dastan Author